13 марта
Оқушылардың мамандық таңдаудағы қателіктері және оларды болдырмау жолдары
Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Дегенмен көптеген оқушылар бұл таңдауды саналы түрде емес, тек мектеп бітіретін кезде, «грантқа балым жетсе болды» деген оймен таңдайды. Мұндай жағдайда оқушы өзінің қызығушылығы мен қабілетін толық ескере бермейді. Нәтижесінде грантқа түсіп алған соң, таңдаған мамандығына көңілі толмай университеттен шығуға немесе мамандығын ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Ал кейбір студенттер қаламаған мамандығында оқуын жалғастырғанымен, оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмыс жасағысы келмей, гранттың ақшасын қайтарып жатады.

Осындай жағдайларды болдырмас үшін оқушылардың мамандық таңдауда жиі жіберетін қателіктерін талдау және болдырмау жолдарын қарастыру маңызды.

1. Оқушының кәсіби бағытын ерте анықтауы.
Оқушы кем дегенде 9 cыныптан бастап өз бағытын, саласын анықтай бастау керек. Мамандық таңдау барысында бірінші қызығушылық пен қабілет, және табиғи талантты ескеру өте маңызды. Сонымен қатар, мамандыққа сұраныс пен бәсекеге қабілеттілігін де ескерген жөн.

Бүгінгі таңда оқушылардың бейімі мен қабілетін анықтауға көмектесетін түрлі профориентациялық тесттер бар. Соның ішінде MBTI тест, қазақстандық мықты профориентолог Айдос Жұманазар ағай дайындаған Kasip профориентациялық тесті, сондай ақ Tanu.Ai тестін атап өтуге болады.

2. Мамандық туралы ақпарат жинау
Мамандық таңдаудағы маңызды қадамдардың бірі – мамандық туралы толық ақпарат жинау.

Көп оқушылар мамандықты тек атауына қарап таңдайды немесе барлығы білетін, жиі айтылатындарына ғана назар аударады. Ал кейбір мықты мамандықтар туралы жиі естімегендіктен оларды мүлде елемей жатады.

Мамандық турады толық ақпарат алу үшін университеттердің білім беру бағдарламаларымен танысу, сол салада жұмыс жасайтын мамандармен сөйлесу, ашық есік күндеріне, кәсіби бағдар беретін іс шараларға қатысу маңызды. Мұндай дайындық талапкерге саналы түрде кәсіби таңдау жасауға көмектеседі.

3. Ата-ананың ықпалы мен баланың жеке таңдауының тепе-теңдігін сақтау.
Мамандық таңдау барысында ата-ананың пікірі мен қолдауы маңызды рөл атқарады. Дегенмен кейбір ата-аналар өз арманын баласының болашағынан көреді. Мысалы, «мен дәрігер немесе заңгер бола алмадым, енді сен сол мамандықты таңдауың керек» деп айтуы мүмкін. Бұл әрине дұрыс емес. Ата-ана өзінің арманын емес, баланың қалауын тыңдау керек. Баламен ашық сөйлесу керек. Балаға кеңес беру керек. Ал, бала өз кезегінде ата-анасынан қысылмай, ойын ашық жеткізу керек. Ата-ана баланың қалауын сұрау керек. Ешқандай ата-ана баласына жамандық тілемейді, сондықтан ата ана мен бала мамандықты бірлесе отырып таңдаған жөн.

4. Еңбек нарығындағы сұранысты реттеу.
Мамандық таңдауда еңбек нарығындағы сұранысты ескеру маңызды. Қазіргі таңда әлемде төртінші өндірістік революция кезеңі. Бұл кезең цифрлық технологиялардың қарқынды дамуымен сипатталады. Жасанды интеллект, Big Data, киберқауіпсіздік жүйелері және автоматтандыру процестері жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етуде.

Осыған байланысты бүгінгі таңда IT саласына сұраныс артып отыр. IT мамандығы тек Қазақстанда емес, бүкіл әлем бойынша сұранысқа ие бағыттардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, техникалық мамандықтар, ауыл шаруашылығы саласының мамандары және су шаруашылығы бағытындағы мамандықтарға да сұраныс артып келеді.
Дегенмен еңбек нарығында өз маңыздылығын ешқашан жоғалтпайтын мамандықтар да бар. Олардың қатарында педагогикалық, медициналық және техникалық мамандықтар. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысының көбеюі, педагогикалық мамандықтарға бөлінетін грант санының артуы, мұғалімдер жалақысының өсуі, осы мамандықтың қоғам үшін маңыздылығын көрсетеді.

Мамандық таңдау – болашағыңа тікелей әсер ететін маңызды шешім. Осы кезеңде әрбір оқушы өз қабілеті мен қызығушылығын дұрыс бағалап, болашақ мүмкіндіктерін ескере отырып саналы таңдау жасауы керек.
Мамандық таңдау тек грантқа қол жеткізу емес, өз қабілетің мен еңбек нарығының сұранысын үйлестіре отырып, саналы түрде жасалатын болашаққа маңызды қадам.
Измахан Толқын, педагог-профориентолог, филолог, PhD докторант
Zero for Marketing: как платформа помогает маркетологам упрощать работу
13 ноября
Казахстан принял первый закон об ИИ в Центральной Азии.
18 ноября
Что меняется в школе, когда появляется ZERO: честный опыт системного администратора
17 ноября
Финансовая реальность частных школ: что изменится в 2026 году?
9 декабря
Ноутбуки есть, данные есть. Как должна выглядеть цифровая школа Казахстана?
14 ноября
Как ведущая частная школа Алматы цифровизирует свои процессы
17 ноября
Net Promoter Score (NPS)
как гид развития организации
21 ноября
d.momynkulov@zeroeducaion.kz